Музыка адам сезімін, ойын, оның ерік-күшін дыбыстық формада суреттейтін қатынас құралы ретінде қызмет етеді. Адамның жан дүниесін, көңіл-күйін, сезімін бейнелеуде музыка оның сөйлеу тіліне, дәлірек айтқанда, өзін қоршаған ортаға эмоциялық қатынасын білдіретін сөйлеу интонациясына өте жақын келеді. Соған қарамастан, музыка адамның басқа дыбыстық іс-әрекетінен ерекше саналады. Музыкада дыбыстардың биіктік және уақыттық (ырғақтық) қатынастары өте қатаң тәртіпке келтірілген. Музыкалық шығарма мазмұнында адамның ақыл-ой, ерік-күшінің эмоциялық жақтары кеңінен көрініс табады. Мұның өзі адамның психологиялық хал-жайын ғана емес, оның мінез-құлқын да музыкада ашуға жағдай тудырады. Адам эмоциясын нақтылы, ерекше сыршыл сезіммен бейнелеуде музыканың мүмкіндігі мол. Сондай-ақ музыка идеялар әлемін, әр алуан құбылыстарды және болмыс шындығын суреттейді.
Маңғыстау – табиғаты әр алуан, шөлді өлкеге тән аптапты ыстық жазы, солтүстікке тән қатаң аязды, өткір желді қысы бар, сусылдап аққан құмы мен сылдырлап аққан бұлағы қатар кездесетін таңғажайып өлке.
Маңғыстауда киелі деп саналатын жерлер өте көп. 11 мың тарихи ескерткіш мемлекеттің қорғауына алынған. Оның ішіне археологиялық қорық, ашық аспан астындағы мұражайлар, халық киелі санайтын мешіттер кіреді. Бірақ, Маңғыстау мен оған жапсарлас жатқан аймақтардағы қасиетті саналатын жерлер, орындар, нысандар санын ешкім дөп басып айтып бере алмайды. Бәріміз білетін Бекет атаның Оғланды, Бейнеу, Жем бойындағы, Баялыдағы жер асты мешіттері, Шопан атаның жер асты мешіті, Сисем ата қорымы туралы ақпараттар көп кездеседі. Ал, басқа мәдени-тарихи ескерткіштер туралы мәліметтер, әулиелер туралы жазбалар, көз көрген, құлақ естіген оқиғалар көптеген сауатты маңғыстаулықтардың ескі дәптерінде сақталған болар.
Маңғыстаудағы мәдени ескерткіштердің тарихи-сакральды мазмұнын ашуды жоғарыда айтып өткен Бекет Ата мешіттерінен бастаймыз. Мешіттер туралы мәлімет бермес бұрын алдымен Бекет Атаның кім, қандай адам болғанына тоқталғанымыз жөн.