Ұлттық дәстүр – ұлтқа рух беріп, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Дәстүр – адамдардың ғасырлар бойы қалыптастырған құндылығы, әлеуметтік-мәдени мұрасы. Әдет-ғұрып салт-дәстүрлер арқылы халық өзін-өзі тәрбиелеп отырады. Олар қоғамның, отбасының барлық саласында көрініс табады. Дәстүріміз бұзылса, қоғамның тарихи дамуының сабақтастығы да бұзылады.Ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін дәстүрдің озық үлгілерін насихаттап, ұлттық тәрбиеміздің іргетасы етіп тұрақтандыруымыз керек. Қазақ тұрмысында ұрпақты қоғамға, отбасына бейімдеп, адамгершілікке, отансүйгіштікке, ержүректілікке, имандлыққа тәрбиелейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз жеткілікті. Қазақ халқының терең тамырлы өнегелі әдет – ғұрпы, салт-дәстүрін балалар бойына дарытып, имандылық, адамгершілік рухында тәрбиелеу. Ұлттық әдет ғұрып, салт-дәстүрлер арқылы-қазақ халқының өзіндік дәстүрлерін бойына сіңіре білетін, салт-дәстүрлерімізді ұғына білетін, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра білетін, ұлттық рухпен қаруланған тұлғаны қалыптастыруға мүмкіншілік аламыз. Халқымыздың тәрбие негізі, асыл қазынасы –салт-дәстүрлерді дұрыс жеткізе білсек, ұлтжанды азаматты қалыптастырдық деп нық айтуға болады.
Туған жер адам өмірінде киелі орын алады. Осы жер оны өткенімен және болашағымен байланыстырады. Ата-баларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап бізге аманат етіп қалдырған асыл қазынаны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Жыраулар жырлаған, ақындар өлең арнаған, суретшілер сурет арқылы туған жердің әсемдігін, олар үшін аса қымбат екендігін көрсетуге тырысқан. Туған жеріміздің топырағы, асқар таулары мен өзен-көлдері, даласы өте қажет екенін, сол үшін туған жерімізді құрметтеу, қорғау біз үшін міндет екенін естен шығармауымыз қажет. Бір сәт көзімізді жұмып туған жерімізді ойға алатын болсақ, ең алдымен ата-ана, бауырларымыз және достарымыз еске түседі. Себебі туған жер ол адамның шағын Отаны. Самал желімен, балалық шақтағы естеліктерімен, ата-апаларының қызықты әңгімелерімен байланыстырады. Халықта «Туған жердің жусаны жұпар», – деп бекерден айтылмаған. Әрбір тас, әрбір гүлі, бәрі-бәрі адам үшін ыстық болып тұрады. Сонымен қатар бабаларымыз қалдырған туған жерге байланысты керемет мақалдар көп.