Ғабит Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келді. Оның азан шақырып қойған аты – Ғабді әл-Ғабит. Бұл арабша "Құдайдың құлы" деген мағынаны білдіреді. Қаламгердің әкесі Махмұт діни сауатты, өз ортасында беделді, парасатты адам болған.
1908-19қоқыс, арабша хат таниды. 1916 жылы Ғабитті нағашысы Оңғарбай шаруаға көмектесуге алып кетеді. Артынша Ақпан көтерілісі басталып, әскерде жүрген Оңғарбайдың балалары елге оралады. Осыдан соң, шаруадан қолы босаған Мүсірепов ауылдағы Ыбырай Алтынсарин жүйесімен ашылған орысша-қазақша бастауыш мектебінде оқиды. Онда ол белгілі ұстаз Бекет Өтетілеуовтен дәріс алады. Мұғалім болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізді. Сондай-ақ Ғабит орыс тілін жетік меңгеруге мүмкіндік алды.
1918-1921 жылдары Пресногорьков станциясындағы жоғары жеті жылдық училищеде орысша білімін шыңдайды. Ал 1923 жылы ол жазушы Сәбит Мұқановпен бірге Орынбордағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түседі. Бұл білім ордасында әлем әдебиеті саңлақтары мен XIX ғасырдағы орыс классиктерінің шығармаларымен танысады.
Алғашқы туындысы қабырға газетінде жарияланды
Жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш Мүсірепов жұмысшы факультетінде алғашқы шығармасын жазғанын жеткізді.
"Сәбит Мұқановтың айтуынша, ол рабфактің қабырға газетінде өзінің "Тулаған толқынында" деген очеркін жариялаған. Бұл оның алғашқы шығармасы еді. Көптеген әдебиеттанушы Ғабеңнің алғашқы шығармашылығы "Тулаған толқыннан" басталды деген пікірде", - дейді ол "Ұлт мақтанышы". Ғабит Мүсірепов" деректі фильмінде.
Оның айтуынша, әдебиет зерттеушілері "Тулаған толқынды" таза очерк деп қабылдамайды.
"Олар оны көркем шығарма деп те есептейді. Өйткені бұл шығарманың бойында әрі очерктік сипат, әрі деректілік, әрі көркемдік қасиеттер тоғысқан. Бірақ алғашқы туынды болғандықтан кемшіліктер де бар. Себебі, бұл шығарма сол кездегі кеңестік саясатқа үндес жазылған", - дейді ол.
Әдебиетпен айналысуына кім түрткі болды?
Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің жас айырмашылығы бар болғаны екі жас. Жазушы өзінің "Автобиографиялық әңгімесінде" әдебиетпен шұғылдануына кім түрткі болғанын былайша баяндайды:
"Менің кітапқа деген құмарлығымды, азды-көпті сынай алатынымды байқап, Сәбит маған – "жазуға кіріс" деп мазалап жүрді. "Сәкеннің көрдей қараңғы бөлмесінде Сәбитпен бірге тұрдым. Бейімбет пен Сәкеннің өлеңдерін газет-журналдардан оқи бастадым. Бейімбеттің "Шұғаның белгісі" бір түрлі әдемі жазылғанын көрдім. Ішімнен жазуды қаласам да, қолым бармай жүрген".
Мүсірепов 1926 жылы Орынбордағы жұмысшы факультетін бітіреді. Ал 1926-1927 жылдары Омбы қаласындағы ауылшаруашылық академиясында оқиды. 1927-1928 жылдары Щучинск орман шаруашылығы техникумында оқытушы болып еңбек етеді. 1927 жылдан коммунистік партияның мүшесі атанады.
1928 жылдан бастап Қазақстанның партия, совет баспа орындарындағы әртүрлі жауапты қызметтерде болды. 1928-1932 жылдары Қазақстан мемлекеттік баспаның бас редакторы міндетін атқарды.
1933 жылы Қазақ КСР оқу халық комиссариатының өнер секторының меңгерушісі, 1934-1935 жылдары алдымен "Қазақ әдебиеті" кейін "Социалистік Қазақстан" газетінің бас редакторы болды.
"Бейімбет жау болса, мен де жаумын"
Жазушы 1936 жылы ВКП (б) қазақ өлкелік комитетінің ба з бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1937 жылы Қазақстан компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Қазақстан орталық партия комитетінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. Бірақ шындықтың бетіне тіке қарай алатын Ғабиттің іс-әрекеті кеңес иделогиясына кереғар бола бастайды.
Сталиндік репрессияның зияны Ғабит Мүсіреповке де тиді. Профессор Шериаздан Елеукенов бұл жағымсыз оқиға 1937 жылы болғанын айтады.
"Онда Ғабит Мүсірепов орталық партия комитетінде мәдениет бөлімін басқаратын. Ол жазушылар одағында жиналыс болып жатыр дегенді естіп, сонда барады. Онда отырған адамдар оған "Бейімбет деген жаудың досы келді" деп айтқан. Сонда Ғабекең "Бейімбет Майлиннің ұсталғанын білемін. Бірақ ол қате ұсталып жатыр. Бейімбет жау болса, мен де жаумын" деп, жиналыстан кетіп қалыпты", - дейді ғалым.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы.
Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2
Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды танытады. Мәселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер аспанды тәңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның Мемлекеттік туында ол ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді.
Геральдика қағидаттарына сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуатты бейнелейді. Сондықтан еліміздің туындағы күн шапағы дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген. Қазақстанның мемлекеттік атрибутикасында күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды..
Қыран (бүркіт) бейнесі – көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларында ерте кезден бері қолданылып келе жатқан басты геральдикалық атрибуттардың бірі. Бұл бейне әдетте биліктің, қырағылық пен мәрттіктің символы ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысын көрсетеді.
Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен ұзына бойына кескінделген ұлттық өрнектер – оның маңызды элементі. Қазақ ою-өрнектері – дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түрлі формалар мен желілер үйлесімін танытатын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.