Менің сүйікті қалам
Алматы - менің сүйікті қалам. Не себепті деп сұрасаңыз, Алматы - Алатау бөктерінде орналасқан ғажайып, әсем қала. Алматыда ауаның өзі ерекше таза болып көрінеді. Оның көркіне көз тоймайды. Тамаша табиғаты аспанмен таласқан заңғар тауларымен, сарқырап аққан өзен-суларымен, көк майса, жасыл желегімен, апорт алмасымен ерекше. Ал жылдан жылға саны артып жатқан зәулім ғимараттардың құрылысы мен көркін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Алматының басты көрікті орындары - Медеу мұзайдыны, Шымбұлақ курорты, Көктөбе. Халық демалу үшін жиі баратын Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінеді. Ол жерден қаланың ғаламат көрінісін, ерекше сәулетін тамашалай аласыз.
Сонымен қатар, Алматыда Тұңғыш Президент саябағы, орталық цирк, Горький саябағы, орталық мұражай, Әуезов атындағы театр, Абай атындағы опера және балет театры сынды мәдениет орындары - халық көп баратын орындар бар.
Алматы Қазақстанның мәдени астанасы болып есептеледі.
Бірінші байлық – денсаулық дейміз. Бірақ осы сөздің салмағын, жүктер жауапкершілігін көбіне сезбейтін де, мойындамайтын да сыңайлымыз. Айтылған сәтте көңілімізге қонады, құлағымызға жағады. Келісеміз. Сонсоң өзіміз ауа жайылып жүре береміз. Сөйтіп күндердің күнінде бір арылмас дертке шалдығып санымызды соғамыз. "Жалған – ай!” деп көкірегіміз қарс айырылып, өмірден түңіле бастаймыз.
"Тәннен жан артық еді, - дейді Абай атамыз - тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ біз олай қылмады, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүрген еді. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік, жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргеннен-ақ тойдық…”
Тәннен жан артық… Билік жанда ғой. Бірақ ғұмырымыз аз ба, көп пе… кеше, бүгін, шамасы ертең де билік жанда емес тәнде Пендешіліктен тәнді тоғайтып, сөйтіп аурулар қатарын молайтып жүрген жай бар. Тым болмаса, жан мен тән бірлігін, ара қатынасындағы бірлікті неге сақтамасқа? Біреу үшін емес, өзің үшін, отбасың, өзіңсіз толайым болмайтын көкірегің үшін.
Денсаулық - тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы. Денені үнемі ширықтыру, шынықтыру, сананың сапа деңгейін көтеру, интеллект өрісін биіктету, рухыңды шыңдау - бәрі де денсаулыққа қызмет етеді десек қателеспейміз.