
Мәнерлеп сырғанау (фигурное катание) — спорт түрі. Мұнда спортшы конькимен сырғанап, музыка сазына сәйкес әсем қимыл жасайды.
Мәнерлеп сырғанау алғаш рет Ұлыбританияда пайда болған. 1763 ж. Лондонда Б.Вест мәнерлеп сырғанаудан алғаш рет өнер көрсеткен. Мәнерлеп сырғанаумен айналысатын әлемдегі ең ежелгі әрі әйгілі клуб 1742 жылыЭдинбург қаласында болған. Мәнерлеп сырғанаудың жекелей, жұптасып, топтасып сырғанау және мұздағы би түрлері бар. Жекелей сырғанауда міндетті және еркін жаттығудан спортшы өзінің қабілеті мен шеберлігін көрсетеді. Жұптасып сырғанауға жігіт пен қыз қатысады. Оның үш түрі олимпиада бағдарламасына енген.
Мәнерлеп сырғанауда қозғалыс жылдам не баяу, әр түрлі бағытта (айналып, секіріп, тағыда басқа) орындалуы тиіс. Спорттың бұл түріне баланы 7 — 8 жастан баули бастайды. Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатты 1896 жылдан бастап өтіп келеді. Әуелі тек қана ерлер арасында жарыс өтсе, он жылдан кейін әйелдер де күш сынаса бастады. 1908 жылы жұптасып сырғанаудан, 1950 жылы мұз үстіндегі бишілер бәсекесі ұйымдастырыла бастады.
Қазақстанда алғашқы жарыстар 1957 жылы өтті. Қазақстандықтар арасында жұптасып сынға түсуден Е.Стекольникова мен Д.Казарлыга 1996 ж. Харбинде өткен III Қысқы Азия ойындарында алтын, ал 1996 жылы Кореяның Кангвон қаласында өткен IV Қысқы Азия ойындарында М.Халтурина мен Е.Крюков күміс жүлдені еншіледі. Қазір мәнерлеп сырғанаушылар үйірмелері Алматы, Астана, Орал, Ақтөбе, Теміртау, Қарағанды, Өскеменқалаларында жұмыс істейді.
Бата беру — адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, т.б. адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді. Сондай-ақ, қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Бата беретіндер, көбіне, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауызды билер болып келеді. Бата қысылғанда — қуат, қиналғанда—медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп халқымыз текке айтпаған. Батаның да қисыны, айтылатын, айтылмайтын жері болады, қуаныш пен тойдың ретіне қарай, соған лайық Бата тілегі болады.