Цирк қызықтары.
Цирк дегеніміз - сахналық - эстрадалық өнердің бір түрі. Көбінесе, цирк дегенімізде көбіміздің көз алдымызға сайқымазықтар елестейді. Дегенмен, циркте тек қана сайқымазақтар өнер көрсетпейді бұл жерде қаншама өнер иелері түрлі сахналық көріністер қояды. Мысалға алар болсақ, әуеде қалқыған акробаттар, пантомима жанрындағы әртістер, мың бұралған гимнасттар, түрлі фокус көрсететін сиқыршылар, жонглерлік өнер иелері және т.б. Көбінесе цирктегі қойылымдар түрлі трюктерге негізделеді.
Біздің қаламызда цирк бар. Цирк қойылымдарын өткізбей, отбасымызбен бірге барып тамашалағанды ұнатамыз. Әсіресе, маған әуеде қалқыған акробаттар мен сиқыршылардың өнері ерекше ұнайды. Жуырда балалар күніне орай жаңа сахналық көрініс әзірленуде. Соны асыға күтудемін.
Наурыз көже
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін келер жылғы тоқшылық пен ырыс, құттың жоралғысы ретінде саналатын наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Бұл күні әрбір үйде қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылады, наурызкөже дайындалады.
Қазақ халқының дәстүрінде жеті саны киелі саналады, міне,ұлттық тағам наурыз көже де міндетті түрде жеті түрлі тағамнан әзірленеді. Олар: су, ет, арпа, тары немесе күріш, айран, құрт және тұз. Енді құрамындағы әрбір тағамға толығырақ тоқталып кетсек. Ең негізгісі - ол су, яғни «келер ұрпақ судай тасып, көбейе берсін» деген мағына білдіреді.
Келесі – ет. Қазақ халқының сүйсініп жейтін әрі аса қадірлейтін тағамы ретінде көжеге міндетті түрде ет қосылады, әдетте сүрленген ет қосады. Бұл – «ет көп болсын» деген мағына білдіреді.
Ал арпа болса, керемет емдік қасиеттері бар, сонымен қатар өте тойымды.
Дәнді дақылдарды қосатын себеп (тары, күріш) бір тамырдан өсіп өнген дәндер секілді ұрпағымыз жайылып, көбейсін деген мағына жатыр.
Қазағым қашанда сүт тағамдарын «ақ» деп ерекше бағалаған, міне, наурыз көжеге де міндетті түрде айран немесе сүт қосылады, бұл бір жағынан «ақ мол болсын» дегенді білдірсе, екінші жағынан «сүттей ұйып отырайық, іргеміз берік болсын» деген ниет жатыр.
Ал құрт пен тұз болса, тамақтың дәмін келтіреді.
Әрине, көже дайындауға тек осы тағамдар қосылу керек деген қатаң талап жоқ, әркім өз қалауынша әзірлей береді. Бірақ, ең бастысы, құрамында жеті түрлі тағам болуы шарт.