Хан Тәңірі шыңы
Қазақстан Республикасының Қырғызстан және Қытаймен шекарасындағы ең жоғарғы биік шыңы болып табылады, шамамен 7 мың метрдей. Әлемдегі ең әдемі шыңдардың бірі. Оның төртқырлы пирамида іспеттес формасы оған ерекше көрік береді. Шыңның бір жақ бетін мәрмәрлі қабырға безендірген. Оны бағындыруды көптеген туристер армандайды.
Бурабай курортық аймағы
Бурабай Көкше өлкесіндегі ғажап мекен. Мұндағы ең танымал жер Жұмбақтас десек, артық айтпаймыз. Оның тұрпаты бір қарағанда египеттік сфинксті, енді бірде кемпір кейпін, кейде сұлу қызды көргендей әсер қалдырады. Бурабай және Үлкен Шабақты көлдерінің арасындағы қылтадан табиғаттың керемет сұлулығын көре аласыз. Жаныңызды жадыратар жазда көл жағасында демалсаңыз, қыста көңіліңізді сергітер спорттық сауықтарға аударуға болады.
Шарын шатқалы
Бұл Қазақстанның өте көне және көркем жерлерінің бірі. Алматыдан шамамен 200 шақырым жерде орналасқан. Ұлттық паркінің құрамына кіретін Шарын шатқалы отандық және шетелдік туристерді таңғажайып көріністерімен тамсандыратыны рас. Шатқал 12 миллион жылға жуық шөгінді тау жыныстарынан қалыптасқан. Оның құздарының биіктігі 150-300 метрге жетеді. Мұнда өсімдік атаулының 1500 жуық түрі бар, 17-сі Қазақстанның Қызыл кітабына енген
Күйші туралы.
Күйші дегеніміз - ұлттық аспапта (домбыра, қобыз, сыбызғыда) күй орындаушы. Күйші дегенде алдымен есімізге Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Дәулеткерей, Тәттімбет секілді атақты күйшілеріміз оралатыны сөзсіз.
Жалпы күй өнері қазақ халқына ғана тән өзіндік орындау мәнері бар өнер түрі. Күйшілер халықтың мұң - мұқтажын, арман - тілегін, өмірін , салт - дәстүрін ұлттық аспаптар арқылы көрсетіп отырған. Күйлердің тақырыптары да әр алуан болып келеді.
Бұрынғы кездері күйшілер күйлерді өздері шығарып, өздері халық арасында таратып отырған. Күйлер қобыз, домбыра, асатаяқ, шаңқобыз, дауылпаз, жетіген секілді ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалады.
Күйдің әуендік құрылысы мен ырғақтық - орындаушылық әдістері сан алуан болады. Мысалы, Құрманғазы күйлері екпінді, жігерлі келсе, Дәулеткерейдің күйлері терең толғауға, романтикалық лирикаға негізделген; Тәттімбеттің күйлері әуені әсем, тәтті мұң мен қоңыр сазға толы болса, Қазанғаптың күйлері құбылмалы, ойнақы, төкпе жыр іспетті болып келеді. Күйлер орындаушылық дәстүріне, қағыс түріне қарай, негізінен, екі стильдік мектепке - төкпе және шертпе күй мектептеріне бөлінеді.