Зар заман – тарихи кезең.
Көгінде қыран қалықтап, жерінде түйесі боздап, жылқысы құлындаған байтақ қазақ жері небір қан сасыған майдандарды өткерді. Ал қазақ елінің осынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға қол жеткізу үшін бейнетті, терді, талай бейкүнә өмірді артқа тастады. Ел тарихында осындай айрықша тарихи кезеңдердің бірегейі – "зар заман" кезеңі.
Зар заман ақындарының алғашқы легі Абылай заманынан басталса, арты Абайға келіп тіреледі. Сондықтан қазақтың тарихымен салыстырсақ зар заман дәуірі толық жүз жылға созылады. Ал зар заман ақындары – қазақ әдебиеттану ғылымына алғаш рет М.Әуезов енгізген термин. Сол кез ақындары шоғырының белгілі өкілдері: Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, т.б. "Неліктен "зар заман"? Ол кездегі жағдай қандай болды?" деген сұрақтарға біз жауапты Шортанбай Қанайұлының бір ғана "Зар заман" өлеңінен-ақ ала аламыз.
Ақын өлеңін "бисмілла" деп бастап көргені мен түйгенін жырлап әкетеді.
Дұрысын білмейтін надандардың басшы бола бастағанын, ақша деген дүниенің шыққанын, байлардың ұрлық жасап, билердің парақор болғанын, бір-бірлерін көре алмай, орыстарға жем болатынымызды, егесетін, әдесіз қыз бен жігіт шыққанын, барлығының ойлағаны мал және бұрынғы заман қайта келмейтінін айтып күйінеді. Осыдан-ақ сол кезде расында ел ішінде үлкен өзгеріс пен жаңашылдық болып жатырғанын көреміз. Ш. Қанайұлының ойын жалғастыра көптеген ақындар да сол заманды өз өлеңдеріне арқау етті.
Әлбетте, қазіргі заман бұдан әлдеқайда тыныш, бейбіт. Бірақ сол кезеңнің қалдықтары да жоқ емес. Игі жақсыларымыз, ұлт жанашырлары саны ғана емес сапасы жақсы болса, әлеуметтік жағдай одан әрі жақсарары шүбәсіз.
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.
Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 25 жыл. Жиырма бес жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.