Астананың туған күніне құттықтау.
Еуразияның қақ ортасында орналасқан еліміздің бас қаласы, елордамыз, отанымыздың жүрегі, тәуелсіздіктің тірегі Астана қаласының туған күні құтты болсын! Өркениетті еліміздің бас қаласы қарыштап дамып келеді, небәрі жиырма жылдың ішінде қалада қаншама зәулім үйлер мен ғимараттар бой көтерді! Жас та болса, бас болған ару қаламыздың көркейіп, гүлденуінде әрбір қазақстандықтың қосқан үлесі бар! Бас қаламыз жасай берсін, жайнай берсін, гүлдене берсін! Жаңа заманда жасампаздықпен қалыптасып жатқан астанамыз өсе берсін! Елордамыз әлемдік қартада өзіндік ерекше орны бар, қайталанбас тарихы мен мәдениеті бар астана ретінде танылған.
Қазіргі таңда астанамыз әлемдік, іскерлік байланыстың күре тамырына айналып отыр. Астана қазірдің өзінде азиялық байтақтардың арасындағы ең бір еуропалық қала. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуразиялық ел екенін, оның астанасының орасан зор қос құрлықтың өкпе тұсында орналасқанын, демек келешекте қаланың осынау ұлан-ғайыр кеңістіктің қуатты желілері тоғысқан торабына, 21 ғасырдағы экономикалық, технологиялық, ақпараттар тасқынының арнасына айналатынын атап өткен болатын! Сондықтан осындай жемісті күндеріміз көп болғай! Астанамыздың туған күні тағы да құтты болсын!
Көне қалалар туралы диалог.
Алмасбек: Аспандияр, сен Қазақстандағы көне қалалар жайлы естуің бар ма?
Аспандияр: Ия, достым, кезінде Ұлы Жібек жолының бойында Түркістан, Тараз, Отырар секілді қалалар орналасқан болатын. Жай сұрадың ба?
Алмасбек: Мен оқушылар сарайында «өлкетану» үйірмесіне қатысушы едім ғой, есіңде ме? Сол үйірменің жетекшісі мен қатысушыларымен бірге келер демалыста «Ұлы Жібек жолы бойындағы Қазақстанның көне қалалары» атты үш күндік сапарға аттанамыз.
Аспандияр: Қандай керемет! Әттең, мен де сол үйірмеге қатыспаппым, әйтпегенде менің де бұл сапарға аттанғым келетін еді. Тарихи деректерге толы, маңызды сапар болатын сияқты.
Алмасбек: Ия, мен де солай ойлаймын. Сондықтан қазірден кішкене болса да дайындалып, қосымша мәлімет жинап жүрмін.
Аспандияр: Оның дұрыс екен. Менің ойымша, Ұлы Жібек жолының ерекше маңызы болды. Ұлы Жібек жолы тек тұтыну тауарларын ғана жеткізіп қойған жоқ, сонымен қатар ол рухани мәдениеттің тірегіне айналды.
Алмасбек: Толықтай келісемін. Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар саяси, экономикалық, мәдени жағынан дамыды. Мысалы, сол тұста Тараз қаласы «саудагерлер қаласы» деп аталды. Себебі Тараздың жүрегі – мешіттері, керуен сарайлары, наубайханалары мен шеберханалары сауда жолында орналасқан болатын.
Аспандияр: Сәтті сапар тілеймін! Жақсы, әрі жемісті демалыс болсын!
Алмасбек: Рахмет, келген соң қалай өткенін айтып беретін боламын.