
Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқандықтан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып табылған. Қазақстандағы алғашқы туристік ұйымдар 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары пайда болды. 1929 жылы Алматы қаласында тұңғыш туристік жорық ұйымдастырыды. Оған Г.И. Белоглазов пен Ф.Л. Савин басқарған 17 мектеп мұғалімдері қатысты. Жорық Алматы төңірегінен басталып Есік көлінде (62 км) аяқталды. 1930 жылы Алматы өлкетану мұражайы жанында Пролетарлық туризм және экскурсия қоғамының өлкелік бөлімшесі жұмыс істей бастады. Оның алғашқы төрағасы болып В.Г. Горбунов сайланды. Осы жылы Алматы қалалық телеграф пен пошта қызметкерлерінен (16 адам) құралған топ (Ф.Л. Савин басқарған) Медеу – Көкжайлау – Үлкен Алматы көлі жағалауына дейін барды. Туризмнің бұл түріне В.Зимин, А.Бергрин, Д.Литвинов, Х.Рахимов, Г.Белоглазов, т.б. көп үлес қосты. 1931 жылы қаңтарда Алматыдан Зиминнің бастауымен алғаш рет шаңғышылар жорығы ұйымдастырылды. “Еңбек және қорғаныс” эстафетасын алған бұл жорыққа қатысқан 8 шаңғышыға ұлттық атты әскер полкінің сегіз шабандозы қосылды. Олар Алматыдан шығып, Ұзынағаштан өтіп Қордай асуы арқылы эстафетаны Қырғызстан командасына табыс етті. Сол жылы Алматыдағы Жетісу губерниясының мұражайдың жанынан Бүкілодақтық пролетарлық туризм мен экскурсия ерікті қоғамының 10 мүшесі бар алғашқы ұясы ұйымдастырылды.
Бата беру — адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, т.б. адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді. Сондай-ақ, қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Бата беретіндер, көбіне, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауызды билер болып келеді. Бата қысылғанда — қуат, қиналғанда—медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді” деп халқымыз текке айтпаған. Батаның да қисыны, айтылатын, айтылмайтын жері болады, қуаныш пен тойдың ретіне қарай, соған лайық Бата тілегі болады.