Қазақстан жеріндегі тұңғыш теміржол магистралі 1894 жылдың 25 қазанында Покров слободасы (бүгінде РФ Саратов облысындағы Энгельс қ.) - Орал тар табанды темір жол телімінің құрылысы аяқталғаннан кейін ашылды. Осы жолдың 130 шақырымы қазіргі Қазақстан жері арқылы өткен. Арада 4 жыл өткеннен кейін Урбах-Астрахан тар табанды темір жол іске қосылды. Мұның да 77 шақырымы қазақ даласын басып өтті.
Солтүстік Қазақстанның дамуы үшін 1891-1896 жылдары салынған Транссібір магистралінің, дәлірек айтқанда, оның «қазақстандық» 190 шақырымының маңызы зор еді. Бұл жол қазақ пен орыс халықтарының экономикалық және мәдени жақындасуына үлкен үлесін қосты.
1901-1906 жылдары Қазақстан жерінің 1660 шақырымдық аумағын алған, Орта Азия мен Ресейдің орталығын қосатын, Орынбор-Ташкент темір жолы салынды.
1914-1917 жылдары болашақ Түрксібтің бір бөлігі Жетісу жолының Арыс-Пішпек телімі салынды.
1915 жылы Челябинскі-Троицкі-Қостанай (Қазақстан арқылы 166 км.) магистралі салынды.
1915-1917 жылдары соғылған Алтай темір жолының (Новосибирск-Семей) 122 шақырымы Қазақстан жері арқылы өтті. Бұдан басқа 1918 жылға дейін 117 шақырымдық Екібастұз-Ермак тар табанды темір жолы жұмыс істеп тұрды. 1918 жылға қарай Қазақстан аумағындағы шойын жолдың жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымға жетті.
Кеңес заманының алғашқы темір жолы 1920-1922 жылдары салынған Петропавл-Көкшетау телімі болды. Қазақстанның түкпірдегі аймақтарын дамыту және астықты шығару қажеттілігіне байланысты 1926-1931 жылдары Бурабай-Курорты және Ақмола стансалары арқылы Қарағандыға дейін жалпы ұзындығы 700 шақырымнан асатын жол салынды. 1924 жылы Құлынды-Павлодар теміржол желісі құрылды. Ембідегі мұнай кәсіпшілігінің дамуына 1926 жылдан басталған Гурьев-Доссор тар табанды жолы ықпал етті.
1927-1930 жылдар аралығында салынған ұзындығы 1444 км Түркістан-Сібір (Түрксіб) магистралінің аяқталуы заманалық оқиға болды. Ол Қазақстанды Сібірмен байланыстырып, республиканың экономикалық дамуына және шөлді жерлердің игерілуіне әсер етті.
Орталық Қазақстан өңірінің өндірісі үшін 30-шы жылдары салынған Ақмола-Қарағанды, Қарағанды-Балқаш (490 км), ал оңтүстік үшін Шымкент-Ленгір жол телімдері зор маңызға ие болған. Алтай тау кен өндірісінің дамуында 1930 жылы салынған Локоть-Защита (235 км), сосын Лениногорскіден Зыряновскіге дейін созылған жол шешуші рөл атқарды.
«Алтын сақа» - бұл мұражай-қорықтың Балалар көркем-ойын кешенінде ұйымдастырған экспозициясы. Экспозицияда бала қиялының әлемі, әртүрлі елдер мен халықтардың ертегілерінен бізге жеткен кейіпкерлердің әлемі назарға ұсынылған. Экспозиция қаланың жасөспірім көрермендеріне, сондай-ақ ересек тұрғындары мен қонақтарына авторлық қуыршақтар мен ойыншықтардың ерекше және әртүрлі әлемін қызықтауға, өнердің осы түрінің адамға беретін өзіндік бір ғажайып та жағымды әсерін сезінуге мүмкіндік береді.
Экспозицияда қуыршақтар – аңыздар мен ертегілердің кейіпкерлері, түрлі ертегілік жанрлардың: жануарлар туралы ертегілердің, тұрмыстық, сиқырлық, сатиралық ертегілердің қаһармандары назарға ұсынылған.Алтын сақаның бас қаһарманы, идеялық нысанасы - халықтың арман-мұраты. Мұнда да халықтың аңсары ертегінің басты арқауы. Қазақ ертегілерінің бас қаһармандары аңшы-мерген, жауынгер-батыр, кенже бала, тазша бала, жалғыз бала және басқа әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі. Бұлардың бәрі - халық арманынан әр кезде туған идеал кейіпкерлер. «Алтын сақадағы» бала сондай кейіпкер. Онда классикалық батырлық ертегіге тән белгілердің бәрі бар. Бала жұртта қалып қойған алтын сақасын алып келуге барып, жалмауыз кемпірге кез болған бала кемпірдің алдағанына сенбей, сақасын ат үстінен іліп алып, қаша жөнеледі. Мыстан кемпір тұра қуады. Осымен оқиға шиеленісе түседі. Бұл ертегіде де сайыста кейіпкер өз күшімен емес, керемет достарының арқасында жеңуі - батырлықтан гөрі қиял-ғажайып ертегінің заңдылықтарына жақындау.
Қазақ балалар ертегілерінің басты ерекшелігі есте жоқ ерте заманда туып, ежелгі дәуір құбылыстарын сақтап келсе де, олардың бәрі біріншіден, халқымыздың тұрмысын, салтын бейнелейді, күнделікті өмірін көрсетеді. Әрине, өмір шындығын қиял-ғажайып ертегілер тікелей, сол қалпында емес, эстетикалық тұрғыда бейнелейді. Өмірдегі тартыстар, болмыс-көріністер, әдет-ғұрып бәрі де халықтың эстетикалық рухына сай түзіледі. Екіншіден, ертегілердің бәрі дерлік бас кейіпкерлерін қиын да күрделі, азапты да аянышты кешулерге сала отырып, балаларды ерлікке, отансүйгіштікке баулиды. Мәселен, «Алтын сақада» сол сақасын алуға барған баланың ерлігінің арқасында оның ата-анасы ғана емес, тұтас туған елі жалмауыз кемпірдің қорлық-зорлығынан азат болады.