Сен жігерсіз де, ақылсыз да бала емессің. Мойынға алсаң, бәрі де қолыңнан келеді. Оған мен сенемін... Жалғыз-ақ бұдан былай маған көз жасыңды көрсетуші болма! Оны жолдастарың да, мұғалімің де көрмейтін болсын! Жалынып шыққан көз жасы жасықтықтың белгісі... Жасықтық пен әлсіздік жүрген жерде толқымалы тайғақ ойға да орын көп... Ағат кеттің бе жасырма шыныңды айт! Білмейсің бе, қолыңнан келмей ме, арланба, тура айт! Сонда оңасың, кері кетпей, сонда ілгері басасың өзіңе де, достарыңа да сонда ғана пайда келтіресің... Иә солай, маған мұң шағып жылама да, кешірім де сұрама, уәде де берме, өз қатеңді іспен жөнде! Жолдасыңмен табыс, мұғалімің айтқандай кешірімді содан сұра. Міне, осыған келісейік. Ал, кәзір төсегіңе бар да, ұйықта!..
Есенбек сөз таластыруды, бір айтылған пікірді қайталап жатуды қаламайтын әке еді. Оның бұл сырына баласы да қанық-ты. Сондықтан қайтып еш нәрсе деместен, Жарқын әке әмірін орындап, төсегіне қисайды да, көп ұзамай-ақ ұйықтап кетті
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.
Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?