
Жеміс – жидек пен көкөкністің адам ағзасына пайдасы.
Үнемі жеміс – жидек пен көкөністерді тағамға пайдалану адам өмірін ұзартып, ағзаға оң әсер етеді. Әр жеміс – жидек пен көкөністің құрамында өзіндік ерекше табиғи дәрумендері болады. Пісу маусымына байланысты жылдың әр мезгілінде жеміс – жидек пен көкөністі үстеліңізден үзбей қолданған абзал, әсіресе, маусым арасында мұндай табиғи дәрумендердің маңызы арта түседі.
Ғалымдардың соңғы зерттеулеріне сүйенер болсақ, кейбір көкөністер мен жемістер кей аурулардың алдын алуға да септігін тигізеді. Мысалы, жасыл және сары түсті көкөністер: саумалдық, бұрыш және де шаршыгүлді өсімдіктерді, оның ішінде түсті қырыққабатты пайдалану қатерлі ісіктің алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Ал жүрек-қан тамырлары ауруларын алдын алу үшін алма, алмұрт, цитрусты жемістерді көптеп пайдаланып, крестгүлді өсімдіктерден түрлі салаттарды дайындап жеген пайдалы. Сонымен қатар, көкөніс пен жемістерді күнделікті пайдалану ағзадағы холестерин деңгейін төмендетіп, қан қысымын қалыпты нормада ұстап, қан айналым жүйелерін ретке келтіріп және де иммундық жүйені жақсартуға ықпал етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кем дегенде тәулігіне бес мәрте (400 грамм шамасында) кез-келген, тіпті мұздатылған, көкөніс пен жемістерді қабылдауға кеңес береді.
Астана - бас қала.
Астана – тәуелсіз еліміздің бас қаласы, отанымыздың жүрегі, мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Арқаның төрінде сылдырап аққан Есілдің жағалауында орналасқан айбынды Астанамыз жас та болса, болашағынан зор үміт күттіретін қала.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. Астана – Азияның ең солтүстігінде орналасқан елорда.
Астана күн өткен сайын қарыштап дамып келеді. Бүгінде бүкіл әлем тамсанып, болашақтың қақпасы деп көз тігіп отыр. Шетелдіктер қызыға қарап, еліміздің беталысын жіті бақылап отыр. Халықаралық "ЭКСПО-2017" көрмесінің де Астанада өтуі тегіннен-тегін емес. Ол Елорданың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқанын, мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын және даму келешегінің кемелдігін айғақтайды.
Мен өз болашағымды елімнің бас қаласы Астанамен байланыстырамын. Осы жерде орналасқан іргелі оқу орындарының бірі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алғым келеді.