Жылы жаққа ұшатын құстар
Жылы жаққа ұшатын құстарды "жыл құстары" деп атайды. Наурыз айында ұшып келіп, өніп-өсіп, қараша айында жылы жаққа ұшып кетеді. Енді солардың ішінде кейбіреулеріне тоқтала кетейік:
Аққу - жыл құсы. Қыс жылы кезде аққудың біраз тобы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында – Ақтау қаласының маңында қыстап шығады.
Аққуды қазақ халқы ежелден қастерлеп, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің, сұлулықтың белгісі деп есептейді әрі киелі құс төресі санап, оған ешуақытта оқ атпайды. Аққудың аталығын «сапар», балапанын «көгілдір», мойнын «сұңғақ» деп дәріптейді.
Сүңгуір үйрек – жыл құсы. Ұяларын тайыз суға, бөген не көл жағалауларына салады. Сәуір – мамыр айларында 5 – 14 жұмыртқа салып, оларды мекиені 4 аптадай басады. Балапаны 1,5 – 2 айда қанаттанып, өздігінен ұша алады. Сүңгуір үйрек су өсімдіктері және омыртқасыздармен қоректенеді.
Шағалалар да жыл құстары.Олар жақсы ұшып, жүзеді, бірақ суға сүңги алмайды. Қанаттары ұзын, аяқтары қысқа, аяқ саусақтарының арасы жарғақты. Шоғыр құрып тіршілік ететін түрлері де бар. Ұясын жерге, шың басына, судағы жартасқа шөптен жасайды. Ірі жәндіктермен, моллюскалармен, тышқан тәрізді кемірушілермен, балықтармен қоректенеді.
табиғат аясында әңгіме
Табиғат - адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағын шашатын сұлулық пен әсемдік әлемі, баға жетпес байлық. Ол – ырыс пен мол қазынаның қайнар көзі, сондықтан халқымыз: «Табиғат - адамзаттың өмір нәрі, қажеттінің табылар содан бәрі» - деп бекер айтпаған. Қазіргі уақытта жас ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуына ізгілік, ғылымилық, жүйелілік ұстанымдарына негізделген үздіксіз экологиялық білім беру жүйесін құру, оның тәрбиелік мүмкіндіктерін саралау өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Табиғатпен таныстыру – балалардың танымын дамытудың басты құралдардың бірі. Мұнда балалардың қоршаған орта жөніндегі ұғым түсініктерін байытатын жалпы және нақты ғылыми мәліметтер алуының маңызы зор. Табиғатпен таныстыру барысында «Табиғат – бүкіл тіршілік атаулының алтын ұясы, тал бесігі, өсіп-өнер мекені» екендігі жөнінде нақты түсініктер беріледі.