Поэма — эпостық жанрдың бір түрі; белгілі бір оқиғаны, адам тағдырын, заман шындығын эпикалық не лирикалық үлгідегі өлеңмен сипаттайтын көлемді поэтикалық шығарма.
Поэма көбіне сюжетке құрылып, кейіпкерлердің қарым-қатынасын, тартыс-таласын, күйініш-сүйініш, мінез-құлық, іс-әрекеттерін суреттейді. Поэма барлық халықтың әдебиетінде кездесетін көне жанр. Мысалы, ежелгі грек әдебиетінде “Илиада”, “Одиссея” эпикалық поэмалары, ертедегі орыс әдебиетінде халықтық дастандар (былина) мен “Игорь жасағы туралы жыр”, т.б. поэмалар кеңінен мәлім.
Дастан – әдебиет жанры. Фольклордың саласына жатады. Таяу Шығыс, Орта Азия, қазақ халықтары арасында кең тараған. Тақырыбына қарай қазақ дастандары батырлар жыры («Алпамыс»), тарихи жырлар («Бекболат»), ғашықтық жырлар («Қыз Жібек»), қиссалар («Тотының тоқсан тарауы») болып бөлінеді. Кеңес заманында еңбек ерлеріне, Отан соғысы батырларына, партия қайраткерлеріне арналған авторы белгілі дастандар шықты. Мысалы, Жамбылдың «Замана ағымы», Н.Байғаниннің «Қанды жорық», Қ.Жапсарбаевтың «Капитан Гастелло» дастандары т. б.
Зоотехния, зоотехника (зоо... және грекше techne – өнер, шеберлік) – мал өнімдерін (ет, сүт, жұмыртқа, жүн, тері, т.б.) алу үшін малды өсіру, азықтандыру, бағып-күту және оны пайдаланудың тиімді жолдарын зерттейтін ауыл шаруашылық ғылымы.
«Зоотехния» терминін ғылымға 1848 жылы француз ғалымы Ж.Бодеман енгізген. Зоотехния мал өсіру жөніндегі білімді жинақтайды және еңбек пен қаражатты аз жұмсай отырып, малдан сапасы жоғары өнімді мол алудың шараларын белгілейді.
А малды қолда ұстағаннан бастап, олардан алынатын түсім мал тұқымына байланысты екендігіне көңіл аударған. Дәстүрлі қазақ қоғамында ғасырлар бойы төрт түлік мал өсірудің әрқайсысына тән тиімді тәсілдер іріктеліп, мал тұқымын асылдандырудың, оларды жыл мезгілдеріне сәйкес бағудың, өнімін арттырудың ұлттық жүйелері қалыптасқан. Қазақстанда зоотехния саласындағы жүйелі зерттеулермен Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу технология институты, Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технология институты, Эксперименттік биология институты, Батыс Қазақстан, Қостанай ауылшаруашылығы институттары, т.б. көптеген тәжірибе стансалары шұғылданады. Зоотехния малдың биологиялық ерекшелігін зерттейтін ғылым болғандықтан ол биология, зоология, анатомия, гистология, физиология, биохимия, генетика, цитология, иммунология, т.б. ғылымдарға сүйенеді және ветеринария, агрономия, ауылшаруашылығы өндірісін ұйымдастырумен, т.б. тығыз байланысты.