Байқоңыр - Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан ғарыш алаңы. Іргесі 1955 ж. қаланған.
Ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы, т.б. факторлар ескерілді. Байқоңырдың басты және көмекші объектілері мен қызмет ету орындары кең аймаққа орналасқан, олар бір-бірімен автомобиль жолдары және теміржол аркылы байланысқан. Байқоңырдың негізгі объектілеріне: техникалық тұғырлар, старттық кешендер мен ұшу трассасының бойындағы өлшеу бекеттері (олардың әрқайсысы жалпы техника және арнаулы технология кұрал-жабдықтары бар ірі құрылыстар), ғарыш алаңына әр түрлі жүктерді жеткізетін кірме жолдар, т.б.; көмекші және қызмет көрсету объектілеріне: отын (жанармай) сақтайтын алаң, сұйық оттегі мен азот өндіретін заттар, энергия және сумен қамтамасыз ететін жүйелер, байланыс жүйесі, телевизия, т.б. жатады. Байқоңырда ракета тасығыштың (РТ) әрбір түріне сәйкес бір не бірнеше техникалық тұғырлар және олардың әрқайсысына арналып бір не бірнеше старттық кешендер салынған.
Франциядағы Жакерия. 1358 жылы Бовези округінде шаруалардың Жакерия деп аталған көтерілісі болды. Көтеріліске 100 мыңдай адам қатысты. Көтерілістің себебі — Жүзжылдық соғыстан және «қара өлім» індетінен туындаған елдегі күйзеліс, салықтың өсуі еді. Сонымен бірге жалдамалы әскерлердің тонаушылық әрекеттері қарапайым халықтың ашу-ызасын келтірді. Көтеріліс ұйымдаспаған түрде кенеттен туындады. Шаруалар салыққа және өздерін әртүрлі жұмыстарға тегін пайдалануына қарсылық ретінде феодалдар әскерімен қақтығысып қалады. Мұның аяғы көтеріліске ұласып, Солтүстік Францияның — Бовези, Пикардия, Шампань аймақтарын қамтыды. Әсіресе Бовези аймағында көтеріліс кең етек алды. Көтерілісті, әскери істі білетін, шаруа Гильом (Гийом) Каль басқарды.
Көтеріліске шаруалармен қатар, қолөнершілер, ұсақ саудагерлер т.б. қатынасты. Кейбір қала тұрғындары да көтерілісшілерге қолдау көрсетіп, қала қақпаларын ашуға көмектесті. Көтерілісшілер «қайырымды корольге» сеніп, негізгі ашу-ызасын феодалдарға қарсы бағыттады. Сондықтан олар сарайларды қиратып, өздеріне салынатын салық қағаздарын өртеді, феодалдарды қатыгездікпен өлтірді.
Гильом Кальды феодалдар алдап, келісімге шақырып, өлтіреді. Басқарусыз қалып, нашар қаруланған шаруаларды феодалдар отрядтары тас-талқан етіп жеңіп шығады. 1358 жылы француз тағының мұрагері Карл Парижды басып алып, көтерілісшілерді жазалады.