Белгілі жыршы-термеші Сүгір Бегендікұлын кім білмейді? Оның орындауындағы шығармалар мәдениетіміздің ұлттық қазынасына айналды. Әсіресе, батыс өңірінің, соның ішінде Маңғыстаудың дәстүрлі ән, жыр мектебін қалыптастыруда оның өзіндік үлесі мен қолтаңбасы бар. Бүгінде Сүгірдің сазы, Сүгірдің термесі кең-байтақ қазақ елін шарлап кетті. Шет елдерде де орындалып, қазақ деген халықтың терме өнерінің құдіретін әлемге таратып, паш етті. Оның шығармасын орындаушылардың бүтін бір тобы қалыптасты.
С.Бегендікұлы жақсы орындаушы болумен бірге, өзі ән-терме шығарып, өзіндік мектеп қалыптастырған белгілі сазгер де. Мәселен, қазіргі күнде сахнадан түспей орындалып жүрген «Сүгірдің термесі» соның бір мысалы. Оның қайталанбас, өзіндік мақамын айтыс ақындары да пайдаланып жүр. Осындай тума талантқа өзінің кіндік қаны тамған жерінде құрмет те аз көрсетіліп жатқан жоқ. Кызылсай ауылындағы орта мектеп оның атымен аталады. Мектеп алдына келісті ескерткіші де қойылды. Осының барлығы белгілі өнер иесіне деген халықтың ыстық ықыласы деп білген жөн.
Қашан да тума таланттар мен шығармашылық азаматтарға қамқор болып, қолдап жүретін Жаңаөзен қаласының әкімдігі өнер сүйер қауымның өтініші мен тілегін ескере отырып, термеші сазгердің Қызылсай ауылынан жеке мұражайын ашуға мұрындық болды. Және осы игілікті істің басы-қасында жүрген ауыл әкімдігі мен ақсақалдар кеңесінің еңбегін де ұмытуға болмайды.
Жаңа мұражайдың ашылуы ауылда үлкен той ретінде өтті. Ақындар айтысы мен мүшәйрасы, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Сүгірдің шығармаларын қазіргі жас өнерпаздар келстіре орындады. Салтанатқа Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев қатысып, жаңа нысанның ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтап, Сүгірдің ізбасарлары жас толқынға дәстүрлі халық өнерін дамытып, насихаттауда ақ жол тіледі. Шараны ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан бір топ азаматтарды марапаттады.
Осы арада айрықша бір айта кетер мәселе, соңғы жылдары аймақтың шығармашылық азаматтары мен жастарын көтермелеп, қолдау білдіру де жақсы бір дәстүрдің қалыптасып келе жатқандығы. Бұған бірнеше жергілікті авторлардың кітабының шығып, шығармашылық кештерінің өтуі куә. Соның бір мысалы ретінде жақында ғана елімізге белгілі дүлдүл күйші Сержан Шакраттың 75 жылдық мерейтойының аймақ көлемінде аталып өтуі.
Қазір Маңғыстауда рухани түлеу мен жаңару бар. Халықтық дәстүр мен өнерді құрметтеп, көкке көтеру бар. Бұл аймақтың жан- жақты кемелдене түскендігін көрсетеді. Жерлесіміз Сүгір Бегендікұлына көрсетілген құрмет соның бір мысалы.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі (1946), филология ғылымдарының докторы, профессор (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957)Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте туған. Шыққан руы қожа. Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортазиялық түркі әдебиетімен таныс болған. Мұхтар бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. Мұхтардың әкесі Омархан да, атасы Әуез де Абай аулымен іргелес отыратын, құдалы, дос-жар адамдар еді. 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы класында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады. Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде сахнаға шығарады.