- Бұдан бірнеше жыл бұрын сіздің жорықшыларыңыз елімізді шауып кетіпті, малымызды айдап, қолға түскен батырымызды байлап алып кетіпті. Міне, сол батырды босатып әкетпек болып келдім. Бұл - бірінші. Екінші жоғым мынау: бір күні малда жүргенімде аспандап ұшқан алты аққудың алтын кебісі менің қолымда қалды. Сол алтын кебіс сіздің елдікі дейді. Соны табыс еткелі келдім, - деп, Кендебай алтын кебісті ханға ұсынады. Хан: - Дұрыс, балам! Сіздің елдің малын айдатып, батырын байлатып алдырғаным рас. Мергенбай батыр әйелімен екеуі біздің қолда. Зынданда жатқан Мергенбай батырға: «Маған қызмет етсең босатам», - деп елші жіберіп едім, қарысқан батыр екен. «Жауыма қызмет істемеймін. Бірақ, қол-аяғымды босатсаң, содан кейін сөйлесем», - деп, қарысып жатып алды. Босатуға корықтық. Ондағы мақсат: сені қолға түсіру еді. Сенің атағың бізге де мәлім еді. Сені алдыртып, құлынымды қоймайтын қара құсқа жұмсамақ едім. Өзім іздеп таба алмаған сон, намысы болса, іздеп келер деп елінді шаптырып, батырыңды байлатып алдыртқан едім. Одан кейін де екі жылдай келмедің, содан соң алты қызым сені іздеп барған болатын. Бұл менің кіші қызымның кебісі. Енді сенің алдыңа қоятын тағы бір шартым бар. Ол мынау: дүниеде жеті басты дәу бар, ақырған арыстан бар, жалмауыз кемпір бар. Осы үшеуін өлтіріп, бастарын алып кел. Осыны орындасаң, батырыңды босатып, беремін, малыңды өзіңе қайтарамын. Кіші қызымды беріп күйеу етемін, - деді. Кендебай Керқұла аттың қанжығасындағы қоржынын алып келіп, арыстанның азуын, кемпірдің басын, жеті басты дәудің көздерін ханның алдына төгіп тастайды. Хан разы болып, зынданда жатқан Мергенбай батырды, оның әйелін, қолға түскен басқа адамдарды азат етеді. Шауып алған малын қайтарып береді. Кіші қызын Кендебайға қосып, отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, көп сыйлықтар беріп, Кендебайды еліне аттандырады. Кендебай елдің малын айдап келіп, иелеріне табыс етеді. Ата-анасына қосылып, бала қуанады. Баласына қосылып, ата-ана қуанады. Ұлы думан, үлкен той істейді. Кендебай тұрғанда елге батып ешбір жау тие алмайды. Сөйтіп, бұл ел Керқұла атты Кендебай батырдың елі болып атаныпты.
Белгілі жыршы-термеші Сүгір Бегендікұлын кім білмейді? Оның орындауындағы шығармалар мәдениетіміздің ұлттық қазынасына айналды. Әсіресе, батыс өңірінің, соның ішінде Маңғыстаудың дәстүрлі ән, жыр мектебін қалыптастыруда оның өзіндік үлесі мен қолтаңбасы бар. Бүгінде Сүгірдің сазы, Сүгірдің термесі кең-байтақ қазақ елін шарлап кетті. Шет елдерде де орындалып, қазақ деген халықтың терме өнерінің құдіретін әлемге таратып, паш етті. Оның шығармасын орындаушылардың бүтін бір тобы қалыптасты.
С.Бегендікұлы жақсы орындаушы болумен бірге, өзі ән-терме шығарып, өзіндік мектеп қалыптастырған белгілі сазгер де. Мәселен, қазіргі күнде сахнадан түспей орындалып жүрген «Сүгірдің термесі» соның бір мысалы. Оның қайталанбас, өзіндік мақамын айтыс ақындары да пайдаланып жүр. Осындай тума талантқа өзінің кіндік қаны тамған жерінде құрмет те аз көрсетіліп жатқан жоқ. Кызылсай ауылындағы орта мектеп оның атымен аталады. Мектеп алдына келісті ескерткіші де қойылды. Осының барлығы белгілі өнер иесіне деген халықтың ыстық ықыласы деп білген жөн.
Қашан да тума таланттар мен шығармашылық азаматтарға қамқор болып, қолдап жүретін Жаңаөзен қаласының әкімдігі өнер сүйер қауымның өтініші мен тілегін ескере отырып, термеші сазгердің Қызылсай ауылынан жеке мұражайын ашуға мұрындық болды. Және осы игілікті істің басы-қасында жүрген ауыл әкімдігі мен ақсақалдар кеңесінің еңбегін де ұмытуға болмайды.
Жаңа мұражайдың ашылуы ауылда үлкен той ретінде өтті. Ақындар айтысы мен мүшәйрасы, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Сүгірдің шығармаларын қазіргі жас өнерпаздар келстіре орындады. Салтанатқа Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев қатысып, жаңа нысанның ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтап, Сүгірдің ізбасарлары жас толқынға дәстүрлі халық өнерін дамытып, насихаттауда ақ жол тіледі. Шараны ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан бір топ азаматтарды марапаттады.
Осы арада айрықша бір айта кетер мәселе, соңғы жылдары аймақтың шығармашылық азаматтары мен жастарын көтермелеп, қолдау білдіру де жақсы бір дәстүрдің қалыптасып келе жатқандығы. Бұған бірнеше жергілікті авторлардың кітабының шығып, шығармашылық кештерінің өтуі куә. Соның бір мысалы ретінде жақында ғана елімізге белгілі дүлдүл күйші Сержан Шакраттың 75 жылдық мерейтойының аймақ көлемінде аталып өтуі.
Қазір Маңғыстауда рухани түлеу мен жаңару бар. Халықтық дәстүр мен өнерді құрметтеп, көкке көтеру бар. Бұл аймақтың жан- жақты кемелдене түскендігін көрсетеді. Жерлесіміз Сүгір Бегендікұлына көрсетілген құрмет соның бір мысалы.