Ертеректе бір қарияның балаларының аты Қамысбай, Қасқырбай, Қойбай, Қубай, Субай, Қайрақбай, Пышақбай, Баубай, Балтабай екен. Балтабайы үйге келін түсіріп, сол жаңа түскен жас келінді сынамақ болған атасы өзеннің ар жағынан сасқалақтап жүгіріп келіп: «Судың ар жағында, қамыстың бер жағында қойды қасқыр жеп жатыр. Жылдам ауылға хабар бер. Балтабай пышақ қайрап әкеліп, адал бауыздап алсын. Мен қасқырды қуып кеттім», - депті. Мұнысы - «қысылтаяң шақта келінім көргенсіздік танытып, өзінің қайын аға, қайын атасының атын атап қояр ма екен?» деген ойы ғой. Сөйтсе, келіншек не істепті десеңші, шапшаң төбеге жүгіріп шығып, күйеуіне: «шапқы-ау, шапқы, шапшаң кел. Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Атам: «жаныманы білеуітке жанып әкелсін» дейді. Өзі ұлыманы қуып кетті», - депті
Тараз – Қазақстан қалаларының ішіндегі ең ежелгілерінің бірі, тіпті ол VІ ғасырдың деректерінде кездеседі. 568 жылы Талас өзені жағасындағы қалада түрік қағаны Дизабула өзінің керемет ставкасында Византия елшісі Земархты қабылдаған. Бұл туралы В.Бартольдтың «Орта Азияға ғылыми мақсатпен сапардың есебі» кітабында жазылған. 629 жылы Сюань-Цзян Тараз (ежелгі аты – Далосы) қаласының Цзяньцюаннан батысқа қарай 140-150 ли қашықтықта тұратынын және оның шеңберінің 8-9 ли екендігін айтады. Қалада әртүрлі елдерден келген көпес-саудагерлер мен хусилардың (согдийлықтардың) тұратыны және олардың тілі мен әдет-ғұрыптарының, заңдарының Қытайдағы сияқты болатыны туралы жазылған (Зуев Ю.А. Суяб туралы Қытай деректері. 91б.). Біз бұл деректерді Тараз қаласының аса ертеден келе жатқан қала екендігі жайлы мәлімет үшін беріп отырмыз.